Тоқаев бірқатар елшіні тағайындады

Динара Амантай

Президент тиісті Жарлықтарға қол қойды

Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекетте Қазақстанның елшісін тағайындады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Атап айтқанда, Тимур Пірімбетов ҚР-ның Қасиетті тақ жанындағы төтенше және өкілетті елшісі, Иерусалим, Родос және Мальта қасиетті Иоаннының Егеменді әскери госпитальерлер орденінің жанындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Ол ҚР-ның Мексика Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды. Ал, бұған дейін осы лауазымды атқарған Швейцария Конфедерациясындағы төтенше және өкілетті елші Қайрат Саржанов аталған қызметінен босатылды.

Сонымен бірге, Алмұрат Тұрғанбеков Қазақстанның Мексика Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалса, Жанна Сағынова Словак Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Төлежан Барлыбаев та аталған лауазымнан босатылды.

Ал, Әнуарбек Ахметов Қазақстанның Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Бұған дейін оның орнында болған Қайрат Лама Шариф аталмыш лауазымнан босатылды.