Қазақстан мен Қытай контейнерлік хаб құрылысын бастады
Жоба транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағдарлауға мүмкіндік береді
Қазақстан мен Қытай контейнерлік хаб құрылысын бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл қарашада Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында Ақтау портының өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік беретін алғашқы контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Жобаны «Ляньюньган порты» АҚ және Ақтау теңіз сауда порты бірлесіп іске асырып жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, қазір 20-дан аса арнайы техниканың көмегімен жердегі учаскені вертикальды жоспарлау бойынша жұмыс жасалып жатыр.
Бұл жоба – елдің халықаралық логистикалық жүйедегі ұстанымын арттырады және көлік-логистикалық саланың әлеуетін кеңейтеді. Нақтырақ айтсақ, хаб құрылысы Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы Транскаспий бағытында контейнерлерді тасымалдауды ұлғайтуға және Қытайдан Еуропаға келетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағдарлауға мүмкіндік береді, – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Айта кетсек, бүгінде теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдар бойынша көрсеткіш 84%-ға артып, 58 мың ЖФЭ құрап отыр. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХТМ) бойынша контейнерлік тасымалдардың өсуі 2,7 есе байқалады.
Аталған жұмыстарды 2025 жылдың ортасында аяқтау жоспарланып отыр.