Зейнеткер алаяққа 40 млн теңге аударған

Дәурен Ерболат

Жәбірленуші атына кредит те рәсімдеген

Фото: Halyq Uni

Павлодар облысында тұрғын бір айда алаяққа 40 млн теңге аударған. Бұл туралы облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Сұлтан Қадіржанов айтты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның айтуынша, өңірде алаяқтық дерегі жиілеген. Тұрғындар оңай және жылдам ақша табуға болады деген сөзге алданып қалады. Мысалы, егде жастағы тұрғын алаяққа 40 млн теңге аударған.

Әйел әлеуметтік желіде Kaspi Profit атты жалған инвестициялық платформаның жарнамасына сілтеме арқылы өткен. Ол немерелерінің болашағын ойлап, сауалнама толтырып, деректерін қалдырған. Кейін оған белгісіз адамдар қоңырау шалып, қаржыны қалай көбейтуге болатынын, ол үшін аз ғана пайыз төлеу керегін айтты. Салдарынан әйел барлық ақшасынан беріп қана қоймай, қарызға ақша алып, несие рәсімдеді. Осылайша, жәбірленуші бір айда алаяққа жалпы 40 млн теңге аударды, – деді Сұлтан Қадіржанов.

Полицей алдымен бұл ақша дропперлердің көмегімен алынғанын жеткізді. Кейін алаяқтар бұл қаржыны криптовалютаға айналдырылған.

Полиция қазақстандықтардың жеке деректерін ешкімге бермеуге, SMS-хабарлама арқылы келетін кодты танымайтын адамдарға айтпауды, күмәнді сілтемеге өтпеуге және күмәнді қосымшаны орнатпауға шақырады.