Астанада LRT депосы салынып жатыр
Депо Халықаралық әуежай маңайында орналасады
LRT жобасындағы негізгі инфрақұрылымдық нысан – депо құрылысы басталды. Бұл туралы CTS компаниясы хабарлады.
Ресми ақпарат бойынша, депо Халықаралық әуежай маңайындағы 16,84 га аумақта орналасады. Депо LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады.
Депо ғимараттарының жалпы ауданы шамамен 80 мың м². Онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажетті барлық нысандар орналастырылады. Кешен вагондарды жуу ғимаратынан, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар қоймаларынан, жолдарды жөндеуге арналған арнайы техника, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыруға арналған әкімшілік ғимараттардан тұрады, - делінген ақпаратта.
Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы да құрылады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жеңіл рельсті көлік желісінде жұмыс істейтін машинистерді оқытуға алдын ала қабылдау басталды.