Қызылорда облысында 3 есірткі зертханасы жойылды

Динара Амантай

20-ға жуық жарнамалық сайт бұғатталды

Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында есірткі өсірумен айналысқан 3 фитозертхана жойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратура мәліметінше, «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында аймақта есірткіні өсірумен айналысқан 3 фитозертхана анықталып, олардың қызметі толығымен жойылған. Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар есірткі заттарын насихаттайтын 18 жарнамалық сайт бұғатталып, есірткі жарнамалайтын жазбалар мен граффитилерді жою шаралары жүргізілді.

Есірткіні жарнамалау дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабымен («Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау») 18 қылмыстық іс қозғалған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ, есірткі айналымына қатысты 287 қылмыстық іс тіркеліп, 174 сотқа жолданды.