Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

Динара Амантай

Жыл басынан бері автожолдарға 2 мыңнан аса зерттеу жүргізілді

Фото: Halyq Uni

Алматы облысында жол апатына себепкер болған қосалқы мердігерге айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 қарашада Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту учаскесінде жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Camry көлігін басқарған жүргізуші әйел жол бойында қажетті ескерту белгілерінсіз қалған топырақ пен үйінді түріндегі кедергіге соғылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамаған және жолда ескерту белгілерінсіз үйінді қалдырған қосалқы мердігерді анықтады. Жолдарда жұмыс жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін қосалқы мердігер ұйымға айыппұл салынды.

Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері автожолдарға 2027 зерттеу жүргізілген. Олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды.

Жол-коммуналдық ұйымдардың 281 лауазымды қызметкері автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 29 жауапты адамға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.