Салықтан жалтару үшін өзін банкрот деп жариялаған кәсіпкер жазаланды

Динара Амантай

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтатқан

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында кәсіпкер салықтан жалтару мақсатында өзін банкрот деп жариялаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратура мәліметінше, аудандық соттардың шешімдерін зерделеу барысында жалған банкроттыққа әдейі жеткізуге байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтату фактісі анықталған.

Шу аудандық сотының 2024 жылы 15 наурыздағы қаулысымен ӘҚБтК-нің 182-бабының 1-бөлігі бойынша азамат Х.-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Алайда іс материалдарын зерделеу көрсеткендей, құқықбұзушы 11 млн теңге салық төлеуден жалтару және кірістерді жасыру мақсатында өзіне тиесілі ЖШС-ны әдейі банкроттыққа дейін жеткізіп, оны сатып жіберген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Енгізілген прокурорлық ден қою актісінің негізінде 5 қыркүйекте Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, оған ӘҚБтК-нің 182-бабының 1-бөлігі бойынша 738 400 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындаумен кінәлі деп таныды.

Қазір салық берешегін өндіріп алу бойынша шаралар қабылданып жатыр.