Қарағанды облысында 500 келіге жуық есірткі тәркіленді
Полицейлер наркограффитимен күрес жүргізіп жатыр
Қарағанды облысында 500 келіге жуық есірткі тәркіленді. Бұл туралы аймақаралық штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кеңесте есірткіге қарсы саясат қаншалықты деңгейде іске асырылып жатқандығы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері облысты есірткіден таза аймаққа айналдыру үшін тағы қандай шаралар қабылдау керегі талқыланды.
Ақпаратқа сәйкес, өңірде 332 есірткі қылмысы анықталып, 445 келі есірткі тәркіленген. Екі жерасты фотолабораториясы жойылды. Есірткі бизнесімен айналысқандардың қызметі тоқтатылып, жылдық қаржы көлемі 2,5 млрд теңгеден асқан 16 күдікті ұсталды.
Полицейлер наркограффитимен күрес жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Балқаш қалаларында еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен «СТОП-граффити» ұранымен ауқымды акциялар өткізілді. 2024 жылдың 16 қазанына дейін 410 рейд жүргізіліп, 11 902 наркограффити бояп тастады, – деді облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров.
Заманауи технологиялар дәуірінде қылмыскерлер есірткіні тарату үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді көбірек пайдаланады. Облыстық полиция департамент өкілдері есірткіні жарнамалайтын 177 сайт пен парақшаны бұғаттады.
Отырыста есірткіден емдеу мен оның алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жақын арада облыстық психикалық денсаулық орталығында газды хроматограф жұмыс істей бастайды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова бұл құралдың көмегімен адамның ағзасында 100-ден астам есірткі түрін анықтауға болатынын айтты.
Аймақ басшысы есірткіге қарсы профилактика жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде қолжетімді формада жүргізілуі керегін атап өтті. Сондай-ақ, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екендігін ескертті.
Полиция қызметкерлері қала және аудан әкімдерімен бірге үнемі аулаларды аралап, есірткіні жарнамалайтын орындарды алдын ала анықтауы қажет. Денсаулық сақтау басқармасы мектеп оқушылары мен студенттер арасында үнемі скрининг ұйымдастыруға тиіс. Облыстық диспансер жанынан анонимді кеңес беретін консультациялық орталық ашу қажет. Аймақта есірткіге қарсы күрестің негізгі мақсаты – қоғамды есірткіге тәуелділікпен күресуге шақыратын қоғамдық қозғалыс құру керек. Қарағанды облысы есірткіден таза аймаққа айналуға тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.