Жобаны іске асыруға шамамен 21 млрд теңге жұмсалды
Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайында жаңа терминал пайдалануға берілді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылды.
Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есе арттырып, жылына 2 млн жолаушы қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сәйкес келеді.
Президент халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стратегиялық басымдық деп атады. «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамасын толық қолдайды», - деді Олжас Бектенов.
Ауданы 7,5 мың шаршы метр болатын терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиямен жабдықталған.
Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді.
«Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев жаңа терминал уақытында іске қосылғанын атап өтті.
Биыл 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс орындалды (17 рейс Астанаға, 9 рейс Алматыға ұшты). Маусымда Анталья (Түркия) қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылды, - деді Баян Ажмолдаев.
Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, Қызылорда-Көкшетау, Қызылорда-Ақтөбе, Қызылорда-Қарағанды сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспарда барын айтты.