Қоғамдық бірлестік басшылары кәсіпкерлерді бопсалаған
Сотталғандардан материалдық залал өндірілді
Астанада қоғамдық бірлестік басшылары кәсіпкерлерді бопсалаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тексеру барысында прокурорлар екі басшының азық-түлік дүкендеріне барғанын және сатушылардан жарамдылық мерзімі өткен азық-түлік жөнінде тиісті органдарға хабарламағаны үшін ақша талап еткені анықталды. Осылайша, олар қорқыту арқылы 7 кәсіпкердің әрқайсысынан 25 мың теңгеден алған.
Прокуратураның нұсқауы бойынша полиция аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Сот үкімімен кінәлі тұлғалар ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 2), 3) тармақтары бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қорқытып алушылық үшін сотталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сотталғандардан материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура қоғамдық бірлестіктердің бақылау-қадағалау функциялары жоқ екендігін ескертеді.