Оралда 2 мың шақырым электр желісін жөндеуге 20 млрд теңге қажет
Ал қалада 20 мың шақырым желінің 80%-ы тозып тұр
Оралдағы электр желілерінің көбі Кеңес Одағы кезінде жүргізілген. Бүгінде қаладағы 12 ауданда 20 мың шақырым электр желісі бар. Олардың 80%-дан астамы тозып тұр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бізде «РЭК» деген компания жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстары сол компания тарифінің шегінде жасалып жатыр. Енді өздеріңіз қараңыздар, 20 мың шақырым желіні бір күнде жөндеп бітіре алмаймыз. Соның 2 мың шақырымын жөндеуге 20 млрд теңге сұрап отырмыз. Су тасқыны кезінде Бөрілі, Теректі аудандарының аймағында Жайық өзені көтерілген кезде тозып тұрған біраз электр бағаны істен шықты. Соған байланысты Үкімет көмегімен тез арада қаржы бөлініп, оның бәрін қалпына келтірдік. Ал тозған 80% неге төмендемейді дегенге келсек, ол өсіп жатыр, – дейді әкім.
Осыған байланысты «Электр энергетикасы туралы» заңға әкімдік тарапынан кешенді жұмыс істеу үшін мәселе көтерілген. Себебі, ондай қаржы облыс бюджетінен табылмайды. Бюджет заңына байланысты 35 киловольттен төмен электр желілерін жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді.
Сондықтан заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, қазір мәселе шешілді. Енді Энергетика министрлігімен бірге қаржы көздерін іздеп жатырмыз, – деді Нариман Төреғалиев.