Тез салынатын өрт сөндіру бөлімшесінің бағасы қанша?

Дәурен Ерболат

Құрылысы 8 жылға созылған деполар да бар

Фото: Halyq Uni

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қазақстанда тез салынатын өрт сөндіру деполары қомақты бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Біздің талдау бойынша, бүгінде қолданыста жүрген бір өрт сөндіру депосының құны 2,5-3 млрд теңге болады. Оның құрылысы 2 жылға дейін созылады. Елімізде 6-8 жыл бойы салынып жатқан жеті жоба бар. Тіпті, кейбірінің ісі сотқа жетті. Кейбірі жобаға түзету енгізуге рұқсат сұрап отыр. Бұл жағдай сол жақтағы тұрғындарға тиісті қызмет көрсетуше мүмкіндік бермейді, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.

Шыңғыс Әрінов жаңа деполар 3,5 айда салынатынын атап өтті.

Олар салынып болғасын, бірден қолданысқа беріледі. Бұл деполардың құны – 1-1,1 млрд теңге шамасында. (Нақты құны депоның) қай өңірде салынатынына байланысты, - деді басшы.

Бұған дейін елімізде тез салынатын өрт сөндіру бөлімшесі пайдалануға берілетіні хабарланған еді.