Енді өрт сөндіру бөлімшесі тез салынады
Елімізге 121 депо қажет
Енді Қазақстанда өрт сөндіру бөлімшесі тез салынады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралған.
Биыл тамыздан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады. Жалпы елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет, - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Министрлік төтенше жағдайға жедел ден қою мен өрт сөндіру бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін күшейтіп жатыр.
Мысалы, Ақмола облысында пилоттық жобада өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды. Бұл зардап шеккендерді тез құтқаруға және алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді басшы.
Сондай-ақ, Шыңғыс Әрінов арнайы дрондар сатып алынатынын жеткізді.
Алғаш рет биік ғимараттарда өртті сөндіретін 2 дрон сатып алынады. Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің мұқтаждығына бөлеміз, – деді министр.
Басшы елордада тікұшақты пайдалана отырып, оқу-жаттығу өткізу жоспарда барын айтты.
«Біз оқыту мен жаттығулар арқылы халықты ТЖ кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеміз. Мысалы, тұрғындарды эвакуациялай отырып, көпқабатты үйлерде жаттығулар өткіземіз. Республика бойынша барлығы 250-ден астам осындай оқу-жаттығу өткізілді. Астанадағы зәулім үйлердегі тұрғындарды эвакуациялауға тікұшақ қолдана отырып, алғаш рет жаттығу өткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттырамыз», – деді министр.