Биыл 30-дан аса гидротехникалық нысан мемлекетке қайтарылды
Елімізде су шаруашылығы саласында 411 жоба іске асырыла бастады
Биыл 30-дан аса гидротехникалық құрылыс мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Су ресурстары және ирригация министрлігі ақпаратына сәйкес, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай министрлік 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын жаңа 42 су қоймасын салуды, 3,7 текше шақырым су сақтайтын 37 су қоймасы мен 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Осы арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуға, ал, суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға ниетті.
Биыл Түркістан облысында 2 су қоймасының құрылысы басталды. 100-ден астам жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Биылдың өзінде Қазақстанда су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2000 шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады.
Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 68,7 шақырымы аяқталды.
Жыл басынан бері 32 гидротехникалық құрылыс мемлекет меншігіне қайтарылды. 118 гидротехникалық құрылыс көпфакторлы тексерістен өтті.