Алматыда балалар алаңы мен спорт алаңы бар жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады
Қала әкімі құрылыс барысымен танысты
Алматы әкімі Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жаяу жүргіншілер аймағын салу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында және Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған балалар және спорт алаңдары бар жаяу жүргіншілер аймағының құрылысымен танысты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Наурызбай ауданының негізгі жобаларының бірі — Шұғыла шағын ауданының 10 мың тұрғыны үшін демалатын орынға айналатын жаяу жүргіншілер аймағын салу.
Біз бұл жобаны өзіміз ұсындық. Міне, бүгін біз оны жүзеге асырудың қалай жүріп жатқанын көреміз. Біздің үйлердің тұрғындары үшін бұл үлкен оқиға болады. Әр кеш сайын көңілді серуен құратын боламыз, – деді аудан тұрғыны.
Қоғамдық кеңістікке ұзындығы 350 метрлік жаяу серуендеу алаңы, балалар ойнайтын, сонымен қатар, баскетбол, воркаут алаңдары және амфитеатр кіреді. Бүкіл аумақта көше жиһаздары мен шағын сәулет пішіндерін орналастыру, сондай-ақ автоматтандырылған суару жүйесін және көше жарықтандыру бағаналарын орнату жоспарланған. Қазір ағаштар, бұталар отырғызылып, газон жасалған.
Абаттандыру жобасының іске асырылу барысымен танысқан Ерболат Досаев оны биылғы қарашаның соңына дейін аяқтауды, бүкіл кемшілікті жоюды, жарықтандыру жүйесін қосуды тапсырды.
Өз кезегінде шағын аудан тұрғындары әкімге ересектер мен балалардың демалуына қолайлы жағдайлар, жайлы жаяу серуендеу аймағы үшін алғыстарын білдірді. Олардың өтініші бойынша жаяу жүргіншілер аймағының бойында видеобақылау камералары орнатылады.
Қала басшысы Алматыда жайлы қалалық ортаны құру бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Өкініштісі, жеке саябақ аймағын жасауға мүмкіндігіміз жоқ қалада біз жаяу жүргіншілер аллеясының жобаларын қолданамыз. Қаланың барлық ауданында осындай аймақтар пайда болады. Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін оларды жаңа жылға безендіреміз, – деді Ерболат Досаев.
Биыл Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына 18,8 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын құру бойынша 364 жобаны ұсынуға және іске асыруға мүмкіндік алды.