Астанадан Фукуок аралына тікелей рейс ашылды
Қазақстандықтар Вьетнамда 30 күнге дейін визасыз бола алады
Air Astana әуе компаниясы 3 желтоқсаннан бастап елордадан Фукуок курорттық аралына (Вьетнам) тікелей рейстерді іске қосады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, рейстер Airbus A321LR ұшағымен сейсенбі, жұма және жексенбі күндері аптасына 3 рет жиілікпен орындалады.
Айта кетсек, Алматы-Фукуок тікелей әуе қатынасы 28 қазаннан бастап енгізілді және Қазақстанның екі қаласынан Фукуокқа баратын рейстердің жалпы саны – аптасына 8 рет, бұл қазақстандықтарға екі хаб арқылы рейстерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Астана-Фукуок-Астана бағыты бойынша жолаушыларға ыңғайлы кесте ұсынылады: КС173 рейсі Астанадан 21:30-да ұшады және Фукуокқа 07:45-те ұшып барады. КС174 қайтар рейсі Фукуоктан 09:15-те ұшады және Астанаға 16:15-те ұшып келеді.
Екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 380 720 теңгеден, бизнес-класта 973 821 теңгеден басталады.
Қазақстан азаматтары Вьетнамда визасыз 30 күнге дейін бола алады.