Жоспарға сәйкес, 20 қарашада қалаға 5 000 м3 су беріледі
Ақтау тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Каспий» зауытында су тұщытатын үш қондырғының бірін іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жұмыстарға жауапты мердігер мекеме – «Каспиан Конструкторс Траст» компаниясы.
Мердігер мекеменің жұмысты кешеуілдетуіне байланысты қондырғыны іске қосу барысында іркіліс болды. Мердігер компания басшылары қарашаның соңына дейін 10 000 текше метрлік қондырғыны іске қосуға уәде беріп отыр.
Жалпы зауытты модернизациялау жұмыстары 3 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жоба бойынша зауыттың өндірістің қуатын 40 000 м3-қа дейін арттыру көзделген.
Технологиялық тәртіпке сәйкес, қондырғыларды іске қосқаннан кейін, 10 күндей су дайындалады. Оның ішінде қосу-реттеу және залалсыздандыру жұмыстары бар. Бекітілген жоспарға сәйкес, қалаға 20 қарашада бірінші 5 000 м3 су беріледі. Ал қарашаның соңына дейін зауыт қондырғы арқылы 10 000 м3-қа жуық суды беруді жоспарланып отыр, - деді «Каспий» су тұщыту зауыты ЖШС директоры Серік Гусман.
Сондай-ақ Ақтауда Құйылыс кен орнынан «Каспий» су тұщыту зауытына дейінгі ұзындығы 47 шақырым су құбыры салынып жатыр. Мердігер мекеме – «Алъянс ЛТД» ЖШС. Құрылыс жұмыстарына 15 арнайы техника және 32 қызметкер жұмылдырылды. Бұл жоба қаладағы ауыз су жетіспеушілігі мәселесінің реттелуіне септігін тигізеді.
Құйылыс кен орнынан «Каспий» су тұщыту зауытына дейін ұзындығы 47 шақырым, диаметрлері 900 мм су құбыры салынып жатыр. Жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жартылай учаскесінде құбырды сумен толтыруға қоятын боламыз, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Анвар Туляков.
Сонымен қатар Ақшұқыр ауылында орналасқан «Ақтау» су тұщыту зауыты да қала тұрғындарын қосымша сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Ақтау» су тұщыту зауытының құрылысы жеке инвестор тарапынан 2020 жылы басталған. Зауыт 2023 жылдың наурызында қолданысқа берілді.
Бұл зауыт тәулігіне 5 000 м3 ауыз су өндіреді. Зауыт өндірген ауыз суды ОСЖТ-4 арқылы қаланың жоғары шағын аудандарына береді, - деді басқарманың сумен жабдықтау және су бұруды дамыту бөлімінің бас маманы Жүсіп Мұхамед.
Жалпы Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылы осыған дейін ОСЖТ-4 арқылы «МАЭК» ЖШС және «Ақтау» су тұщыту зауыты арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл жаз айларында Сайын Шапағатов ауылында қуаттылығы тәулігіне 4 000 м3 ауыз су өндіретін қондырғы орнатылды. Бүгінде Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылы аталған қондырғы арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл босаған су көлемін Ақтау қаласына бұруға мүмкіндік берді.