×

Бейбітшілік орнауы мүмкін, бірақ Украина оған дайын емес – Столтенберг

Соғыс қимылдарын тоқтатудың ең тиімді жолы – Ресей президентінің соғыстан бас тартуы

 Қанат Атаманов 14.06.2022 | 20:00
Фото: ашық дереккөздерден

Украина аумағында бейбітшілік орнатуға болады. Алайда басты мәселе – ол үшін мемлекеттің қандай баға төлеуге дайын екендігінде болып тұр. Батыстың міндеті – Киевке аумақтық тұрғыдан және тәуелсіздігінен айырылып қалмауға көмектесу. Бұл туралы НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Финляндия президентімен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Йенс Столтенбергтің айтуынша, Украина бейбіт келісімге келуге әлі дайын емес.

Бұл соғыс арқылы Украинаның қаншалықты шығынға батқанын әрі одан шығу үшін не істейтінін айта алмаймыз. Бұған біздің де қатысымыз бар. Себебі біз оларға қолдау көрсетіп, санкциялар енгізіп жатырмыз. Бірақ украиндықтардың күн сайын ең жоғары баға төлейтініне күмәніміз жоқ, – деді ол.

Столтенбергтің пікірінше, соғыс қимылдарын тоқтатудың ең тиімді жолы – Ресей президентінің соғыстан бас тартуы. Өйткені соғысқа Кремль ғана жауап береді. Сондай-ақ, бас хатшы Украина Президенті Владимир Зеленскийдің келіссөз үстелінде соғыстың аяқталуы туралы бірнеше рет айтқанын еске салды.

«Батыстың міндеті – Киевтің ұстанымын барынша қолдау әрі жүзеге асыру», – деп айтты Столтенберг.

НАТО басшысы Ресейдің Украинаға шабуыл жасауына байланысты әлемдік тәртіп өзгеретінін жоққа шығармады. Алайда, мемлекеттер арасындағы мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама