Ресейден қарақшылық шабуыл жасаған қазақстандық экстрадицияланды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қазақстан азаматы қарақшылық шабуыл жасағаны үшін Ресей Федерациясынан экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті 2023 жылдың тамызында Павлодарда сыбайласымен бірге танысын тонамақ болып алдын ала келіскен. Жоспарларын іске асыру үшін күдіктілер түнгі уақытты пайдаланып, мас күйінде бұрын таныс болған жәбірленушіні қараңғы жерге апарып, есінен танып қалғанша ұрып-соққан. Артынша, 200 мың теңгесін қолды қылған. Көптеген дене жарақатының салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген.
Ақпаратқа сәйкес, сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған, ал екінші айыпталушы қашып кеткендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Биыл сәуірде ол Ресей Федерациясы Түмен қаласының аумағында ұсталды. Содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.