Қуандық Бишімбаев түрмеден қашып кетті деген жалған ақпарат тарады

Халық үні

Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады

Фото: Halyq Uni

Әлеуметтік желіде 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден қашты деген ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әлеуметтік желіде сотталған Қуандық Бишімбаев түрмеден қашты жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатыр, - деп жауап берді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Сондай-ақ комитет азаматтарды жалған ақпарат таратпай, тек ресми деректерге сенуге шақырды. 

Жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Кінәлілер жауапқа тартылады, - делінген ресми ақпаратта.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болған. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

13 мамырда Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды.