Мәскеуге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды (ВИДЕО)

Халық үні

Домодедово, Раменское және Коломна аудандарында барлығы 32 ұшқышсыз ұшақ жойылған

фото: telegraf.news

Ресейде Мәскеуге қарай ұшқан 32 ұшқышсыз ұшу аппараты жойылды. Ел астанасындағы жаппай шабуылға байланысты әуежайлар жұмысын тоқтатып, адамдар зардап шеккен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин бүгін өзінің Telegram-арнасында Мәскеуге қарай ұшып бара жатқан, құлатылған ұшқышсыз ұшу аппараттары туралы хабарламаларды бірінен соң бірін жариялады. Соңғы мәліметтер бойынша, Домодедово, Раменское және Коломна аудандарында барлығы 32 ұшқышсыз ұшу аппараты жойылған.

Ал губернатор Андрей Воробьев өзінің Telegram-арнасында Раменскоеде ұшқышсыз ұшақтар құлағаннан кейін Становое ауылында 2 үй өртенгенін хабарлады.

Жарықшақтардан 52 жастағы әйел жарақаттанған. Бетін, мойнын және қолын күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа, қазір жансақтау бөлімінде жатыр, - деп жазды ол.

РБК-ның мәліметінше, Домодедово және Жуковский әуежайлары рейстерді қабылдауды және жөнелтуді тоқтатқан. Кейін Шереметьевоға рейстер де шектелді.

Сондай-ақ ТАСС агенттігі Раменское қалалық округінің Мәскеу маңындағы Софино ауылында 2 көліктің өртеніп кеткенін мәлім етті.

РИА Новости агенттігі болса, Раменское және Жуковский аудандарында ұшқышсыз ұшатын аппараттардың қаупі жойылғанын хабарлады.