Полиция ойын-сауық орындарындағы тексеріс нәтижесін жариялады
Алматы полициясы 114 хаттама толтырған
Алматыдағы ойын-сауық орындарына тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 114 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.
8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Алматы полициясы темекі өнімдерін пайдалану бойынша бұзушылықтарды анықтау мақсатында ойын-сауық орындарында тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша 114 хаттама толтырылып, 162 кальян тәркіленді.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева Қазақстанда кальян сататын мейрамханалардың иелеріне жауапкершілік күшейетінін айтты.
Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, тиісті нормаларды пысықтап жатырмыз. Әкімшілік кодекс аясында айыппұл сомасын көтеру ұсынылып отыр. Заңға жаңа нормалар енгізілмек. Қолданыстағы заңнама кальян шегетіндерге қатысты шара қолдануды ғана реттейді. Бірақ рестораторларға немесе осы темекі заттарын өз нысандарында сататын кәсіпкерлерге қатысты нормалар қарастырылмаған. Сондықтан осы мәселелерді пысықтап жатырмыз, - деді Гүлнар Сәрсенбаева