Тоқаев мемлекеттік хатшы лауазымын жойды

Ербол Тұрымбет

Бұдан былай Ерлан Қарин – мемлекеттік кеңесші

Ерлан Қарин, фото: sputnik.kz

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Ерлан Қарин ҚР мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР мемлекеттік хатшысы болып келген. Енді Қазақстанда мемлекеттік хатшы деген лауазым жойылды. 

Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.

Президент кеңесшісі қызметіне тағайындалғанға дейін «Қазақстан» арнасының басқарма төрағасы болған (2017 жылдан бастап).

1997 жылы тарих мамандығы бойынша Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 1999 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын орта мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі болып бастады.

Қазақстанның даму институтының Саяси зерттеулер орталығында қызметкер, Ресей және Қытай институтының директорының орынбасары, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры, Маңғыстау облысының әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2008 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болды.

2019 жылдың сәуір айында мемлекет басшысының кеңесшісі, 2020 жылдың шілдесінен 2022 жылдың қаңтарына дейін президенттің көмекшісі болды.

2022 жылдың 5 қаңтарында ҚР мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.