Ақтөбе облысында қаза болған әскеридің аты-жөні айтылды
Марқұмның артында 2 баласы қалды
Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан 36 жастағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Оразымбетов қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «Ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдарды атқарған.
Оның МИ-8 тікұшағын басқаруда үлкен тәжірибесі бар. Жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биыл көктемде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. Медальдармен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды, - деп жазылған хабарламада.
Апатты жағдайда қону кезінде Әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев, Оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов зардап шеккен. Қазір олар облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты-ауыр.
Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Бұған дейін Ақтөбе облысында тікұшақ құлап, бір адам қаза тапқаны хабарланған.