Алматыда жаңа балабақша пайдалануға беріледі

Халық үні

Бұл орын тапшылығын азайтуға септігін тигізеді

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Жыл соңына дейін Алматыда 320 орындық жаңа балабақша пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жаңа әлеуметтік нысан Наурызбай ауданы Шұғыла шағын ауданында салынды.

320 орындық объектінің құрылысы 2022 жылғы мамырда басталды. Алдымен ғимарат тұрғызылып, инженерлік желілер тартылған соң нысанның аумағы көріктендірілуі керек болған. Алайда мердігер компания өз міндетін орындамай балабақша уақытында салынбады.

Осыған байланысты қалалық құрылыс басқармасы «Астана-Стройинвест» корпорациясы мен «Теплоэнергострой» ЖШС-ны жауапсыз компания деп танып, айыппұл өндіру үшін сотқа берді. Бірінші мердігерге қатысты талап-арыз толық қанағаттандырылды. Екінші компанияның ісі қаралып жатыр, - деп жазылған хабарламада.

Қазір балабақшаның құрылысы толық аяқталып, барлық инженерлік желі тартылып, қажет жабдықтар орнатылды. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымды пайдалануға беру рәсімі жүріп жатыр.

Ғимаратта бүлдіршіндерге арналған арнайы оқу орны, гимнастика және музыка сабақтарына арналған залдар, сондай-ақ қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев нысанды тексеріп, құрылыс және білім беру басқармаларына бірқатар кемшілікті көрсетіп, оларды қысқа уақытта жоюды тапсырды.

Аудан белсенді дамып жатыр. Мұндағы әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мұнда тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданды. Халық оның ашылуын күтіп отыр. Сондықтан барлық ескертуді ескеріп, жыл соңына дейін балабақшаны пайдалануға беру керек, - деді басшы.

Айта кетейік, Наурызбай ауданында 148 балабақша жұмыс істейді. 2025 жылы орын тапшылығын азайту үшін мұнда тағы 320 орындық екі балабақша салынады.