Әнші Толқын Забирова жол апатына ұшырады
Телефонына қарап келе жатқан жас жігіт тежегішті басуды ұмытып, әншінің көлігіне соққан кезде бір-ақ тоқтаған
Әнші Толқын Забирова жол апатына түсіп, қазір ауруханада жатыр. Ол туралы өзі Instagram-дағы парақшасына жазды.
Бұл ретте әнші жол-көлік оқиғасының қалай болғанын, өзінің қазіргі жағдайын айтқан.
«Алла сақтаған. Алдарына кішкентай балаларын отырғызып, машина жүргізіп келе жатқан ата-аналарға, не болмаса ұялы телефонына үңіліп қарап, бар жанын беріп, шұқып жататындарға таң қаламын. Бұл не? Жауапкершілік қайда? Өзіңді ойламасаң, айналадағы адамдарды ойлау керек емес пе?
Осындай біреудің алаңғасырлығынан мен жол апатына ұшырадым. Біздің машинаны соққан – жас бала. Мен бір мезгіл есімнен танып, болған жағдайды түсінбеппін.
Ол телефонына қарап отырып, тормозды басуды ұмытып, біздің көлікке келіп соққан кезде ғана бір-ақ тоқтапты. Денсаулығыма зақым келді, бірталай концерттерден қалдым (отбасымның жағдайын санамағанда). Енді жас бала деп оны кешіре салуым керек пе, жоқ па? Сабақ болсын деп жазалауым керек пе?» - деп көпшіліктен кеңес сұраған ауруханада жатқан өнер иесі.
Ал өзі Алла берген өмірді үзіп жіберуге ешкімнің қақысы жоқ деп есептейді. Сондықтан «Біз асыққанмен, Алла асықпайды» деген заң әр адамның санасында болу керек деп отыр.
«Бір-бірімізге жанашыр, мейірімді, жауапты болайық. Амандыққа не жетсін, ағайын! Өмір сүру қандай тамаша!» - дейді аман қалғанына шүкіршілік еткен әнші.