Антикор 15,2 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермеді

Динара Амантай

Еріктілер саны 2,5 мың адамға жеткен

Фото: Halyq Uni

Антикор еріктілері мемлекеттік сатып алу кезінде 15,2 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында еріктілер жол құрылысының мониторингіне, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмауға белсенді араласып бастады.

Агенттіктің мәліметінше, белсенділер саны шамамен 2,5 мың адамға жеткен. Олар мемлекеттік сатып алу кезінде 15,2 млрд теңгеге бағаны көтеру тәуекелдерінің алдын алды.

Мысалы, Алматы қаласы еріктісінің ұсынымымен Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жылжымалы электротехникалық зертхананың сатып алу бағасын 45 млн теңгеге төмендетті.

Түркістан облысында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін медициналық ұйымдарға электрондық үкімет порталы арқылы бекітудің тиісті функционалы жоқ екенін анықтады. Бұл медициналық мекемелерге ақылы негізде жүгіну қажеттілігіне әкелді. Аталған мәселе салалық министрліктермен бірлесіп, 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде қорғаншылық пен қамқоршылықтағы және заңды өкілі бар балалар арасында жойылды.

Сондай-ақ, еріктілер автожолдар құрылысын мониторингілеуге белсенді қатысып жатыр.

Абай облысында еріктілер облыстық жолды жөндеу кезінде жол белгілері болмағанына және жұмыстың толық орындалмағанына назар аударды. Уақтылы әрекет ету нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылды.

Елордада еріктінің ескертулерімен мердігер жол салу кезінде топырақ сапасының кемшіліктерін жойған.