Маңғыстау облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі талқыланды

Халық үні

Экологиялық жауапкершілікті сезінетіндердің қатары көбейген

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы университетте «Таза Қазақстан: экологиялық мәдениет» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс-шараны Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы,  «Жасыл мектеп TAZA.LIKEE» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Талқылауға Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық экология департаментінің, сондай-ақ облыстық энергетика және ТКШ басқармасының өкілдері қатысты

Мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы мен табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды түсіндіру, экология мәселелерде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын дамыту.

Жиында лекторлар баяндама жасап, өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін талқылап, кездесу экологиялық тұрақты қоғам құру үшін маңызды екенін атап өтті.

«Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осин «Таза Қазақстан» бағдарламасы  экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін керек екенін атап өтті.

Бағдарлама қалдықтар мен басқа да экологиялық мәселелерді шешуге мемлекеттен бастап қарапайым азаматтарға дейін яғни әрбір адам қатысу маңызды екенін түсіндіреді. «Таза Қазақстан» өмір сүру сапасын және қалалық ортаны жақсартуға ықпал етеді, - деді Кирилл Осин.

«Жасыл мектеп TAZA.LIKEE» қорының директоры Ирина Татиева халықтың экологиялық санасында оң өзгерістер байқалып жатыр деген пікірде.

Біз саналы қоғам қалыптастыру үшін акциялар мен бағдарламалар ұйымдастырып жатырмыз. Экологиялық жауапкершілікті сезінетін азаматтардың саны өсіп жатыр. Бұл өңірдегі экологияға оң әсер етуде, - деді ол.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақтау қаласындағы Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицейде «Адам қызметінің қоршаған ортаға әсері» тақырыбында ашық сабақ өтті. Негізгі мақсат – оқушылардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

Биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Балжан Манаева сабақтың маңызына тоқталды.

Балаларға кішкентай кезінен бастап қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйретуіміз керек. Бұл – саналы ұрпалықты қалыптастырудың негізі, - деді ұстаз.

Биология пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Елдос Оразалин экологиялық сана әр баланың дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналуы керек ұстанымда.

Бұл құндылықтарды баланың бойына неғұрлым ертерек сіңірсек, болашақта біздің планетамыз соғұрлым сау болады, - деді мұғалім.

Айта кетейік, Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицей биыл қалалық байқауда 1-орын алып, «Табиғатпен үндес білім ұйымы» тақырыбындағы облыстық байқауда 1-дәрежелі дипломға ие болды. Бұл марапат лицейге экологиялық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Сонымен қатар Бейнеу аудандағы мектепте «Таза ой, таза іс – Таза Қазақстан» тақырыбында мектепаралық семинар өтті. Оған 200 оқушы қатысты.

Сондай-ақ Жастар ресурстық орталығында «Жастар және экологиялық жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселесі талқыланды.