Halyq Uni логотип
×

Семейде 5 медициналық нысан салынады

Жобаның құны 100 млрд теңгеден асады

 Дәурен Ерболат 04.11.2024 | 21:02
Семейде 5 медициналық нысан салынады
Фото: ОКҚ

Алдағы уақытта Семей қаласында 5 медициналық нысан салынады. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 65 алғашқы медициналық-санитарлық нысанды салу жоспарланған.

Жыл соңына дейін 64 обьект салынады. Бүгінде оның сегізі пайдалануға берілді. Кешенді жоспарға сәйкес, Семейде құны 100,4 млрд теңге болатын 5 медициналық нысанды салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда инвестор есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, - деді Нұрлан Ұранхаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ облыс әкімі ауылдардағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға назар аударылып жатқанын жеткізді.

Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығын ашқанымыз туралы айттым. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сонымен қатар Жарма мен Мақаншы аудандарында компьютерлік тамографтар қойылады. Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасы жасанды қан айналым аппаратымен жабдықталды. Бұл  жүрек аурулары кезінде қан айналымын толық тоқтатып, жүрекке ашық ота жасауға мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.

Нұрлан Ұранхаев облыста білікті дәрігерлер барын, ауруханада күрделі оталар жасалатынын жеткізді.

Бүгіннің өзінде 78 ота сәтті жасалды. Мысалы, жұмсақ тіндердің ұзақ емделетін ақауларына арналған күрделі реконструкциялық пластикалық оталар жасау тәжірибесі қалыптасты. Шала туған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тамақтанумен қамтамасыз етілді. Жалпы биыл денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,8 млрд теңге бағытталды, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңірде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында бұқаралық спортқа көңіл бөлінген.

Жақында өткен «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанған балуанымыз Ерасыл Қажыбаев, Абай облысынан шыққан бесінші барыс екенін зор мақтанышпен айтамыз. Жалпы облыста спортпен жүйелі айналысатындар саны – 42% қ. Облыс құрылған сәттен бастап 10 спорт нысаны ашылды, - деді басшы.

Оның айтуынша, ALAN жобасы аясында УЕФА қолдауымен Аягөз ауданындағы орталық стадионның футбол алаңы жаңартылған.

«Жылдың соңына дейін демеуші есебінен Үржар ауданында 5 спорт залы ашылады. 3 жүзу бассейні (Көкпекті ауылы, Бесқарағай, Шар қалалары), дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (Курчатов қаласы), спорт модулінің (Көкбай ауылы), спорттық-демалыс орталығы (Петропавловка ауылы) мен стадион (Қалбатау ауылы) салынып жатыр. Семейде 12,5 мың орындық стадион құрылысы басталады. Нысанның құрылысы 2026 жылдың 4-тоқсанында аяқталады», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама