Көліктің техникалық жағдайын бақылаудың маңызы атап өтілді
Ішкі істер министрлігі жол жүрісіне қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолдарда көру мүмкіндігі төмендеп, тайғақ, мұзды жерлер апатқа себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ ауа райының бұзылуы көліктерге де кері әсерін тигізетінін ескеру қажет.
Көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесінің жұмысын қараңыз. Терезе тазалағыш щеткаларды, сондай-ақ сұйықтықтың деңгейін тексеріңіз! Қысқы доңғалақтарды қолданыңыз! Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және дөңгелектерге жолда сырғанауға қарсы тұруға мүмкіндік береді. Техникалық регламентке сәйкес қысқы кезеңде қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады, – деді Ақтоты Боранова.
Сондай-ақ жүргізушілерге көліктер арасындағы қашықтықты сақтаудың маңыздылығына назар аударылды.
Әсіресе қыс мезгілінде алда келе жатқан көлікке дейінгі үлкен арақашықтықты ұстаныңыз. Тайғақ жолда тежеу жолы бірнеше есе артады, сондықтан тежегішті баяу басқаныңыз дұрыс. Жол жүрісіне қатысушылардың барлығына мұқият болыңыз! Жаяу жүргіншілерге де назар аударыңыз. Есіңізде болсын, кішігірім қателіктің арты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ауа-райының қолайсыздығын ескере отырып, жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыз! Жылдам жүрістің кесірінен көлік басқару кезінде бақылауды жоғалтуыңыз мүмкін. Жүрер жолыңызды алдын ала жоспарлаңыз, – деді аға инспектор.
Жол жүрісіне қатысушыларға ауа-райы болжамын бақылап, қала маңындағы жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды мұқият қадағалау ұсынылды.
Егер жолдар жабық болса, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеңіз. Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жол ережелерін сақтау – сіздің жауапкершілігіңіз. Өзіңіздің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік шараларын және жол жүрісі қағидаларын сақтау өзіңізден басталады. Үйде жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз! – деді Ақтоты Боранова.