СҚО-да ірі қара мал арасында бруцеллездің тарауы екі есе артқан
Өңірде бұралқы иттер де көбейген
Солтүстік Қазақстан облысында ірі қара мал арасында бруцеллездің тарауы екі есе артып, мал өлімі 2 мың басқа көбейген. Бұл туралы өңірлік прокуратада өткен кезекті алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жиында 2023 жылы және 2024 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарда ветеринариялық заңнаманы сақтау мәселесі қаралды.
Алқа отырысында ірі қара малдың бруцеллезбен сырқаттанушылығының 272-ден 613 басқа дейін және ауыл шаруашылығы жануарларының өлімінің 11 519-дан 13 395 басқа дейін айтарлықтай өсуіне назар аударылды. Сібір жарасына шалдыққан малды жерлеу орындарының, мал қорымдарының жай-күйі, малды жалған вакцинациялау, жеткілікті мөлшерде сою пункттері мен алаңдарының болмауы елеулі алаңдаушылық туғызады. Салдарынан барлық аталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктер облыс аумағында жағымсыз эпизоотиялық жағдайға алып келді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы қолданысқа енгізілгеннен кейін бұралқы иттерді ату практикасы тоқтатылған. Алайда, ветеринарлық қызметтер Заңда көзделген жұмыстың жаңа форматын әзірлемеген болып шықты.
Аталған әрекетсіздіктің салдарынан өңірде азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін бұралқы иттердің саны артты. Бүгінде олардан 350-ден астам адам зардап шекті, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар, – делінген ақпаратта.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов «Ветеринария туралы» ҚР Заңының 3-бабына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдардан жылдан жылға жол берілетін жүйелі бұзушылықтарды жоюды талап етті. Сондай-ақ сібір жарасына шалдыққан малды жерлеу орындарын, мал қорымдарын сәйкестендіруді және жануарларды ұстауға арналған жаңа сою пункттері мен уақытша баспаналар салу мәселелерін шешуді тапсырды.
Облыс әкімдігіне өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсарту үшін ұзақ мерзімді өңірлік бағдарлама әзірлеу ұсынылды.