Қалада бір түнде екі жерде құбыр зақымданған
Рудныйда 8 қарашаға қараған түні сағат 02:00 шамасында Топорков көшесіндегі жеке сектордың жылу тарату желілері зақымданған. Сағат 8:30-да жарылған жер жөнделіп, жеке сектордағы барлық 198 абонент жылумен қамтылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала әкімдігі мәлімдеуінше, одан бөлек, сағат 06:00-де Строительная көшесінде де жеке сектордың жылу тарату желілері зақымданып, 27 абонент жылудан ажыраған. Дегенмен тұрғын үйлерде температура режимі қалыпты деңгейде сақталған.
Жөндеу жұмыстарына 11 адам және 3 бірлік техника жұмылдырылған. Қазір жылу беру қалпына келтірілді. Бұл магистралдық құбырлар емес, мұнда бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, – деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, Рудный қаласындағы орамішілік (внутриквартальный) желілердің жалпы ұзындығы – 140 шақырым, оның ішінде жеке сектордың тарату желілері 44 шақырымды құрайды. Соңғы екі жылда Рудный қаласында 16,5 млрд-тан астам теңгеге 33,8 шақырым жылу желілері жөнделген.
Сол жұмыстардың нәтижесінде магистралдық желілер бойынша жалпы тозу көрсеткіші 40,3%-дан 31,4%-ға дейін, кварталдық желілер бойынша – 71,9%-дан 65,9%-ға дейін төмендеген.
Бұған дейін қалада жылу құбыры жарылып, ыстық су атқылағанын жазған едік.