Бюджет тапшығы мәселесі жүйелі түрде шешілмей жатыр
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мемлекеттік органдар квазимемлекеттік құрылымдарды келісусіз ақша алатын «лазейкаға» айналдырғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы тағы бірнеше мәселемен байланысты. Олар – мемлекеттік қарыз, әртүрлі қорлардың «екінші бюджет» ретінде пайда болуы, тиімсіз бюджетаралық қарым-қатынастар және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі.
Мемлекеттік қарыз және оны қоғам тарапынан бақылау мәселесі әлі де шешілмеген күйде қалып отыр. Бізге сыртқы және ішкі қарыздың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет. Қарыздың әрі қарай өсуі бізді бюджет дағдарысына әкелуі мүмкін. Кодекс жобасында біздің түзетулерге қарамастан, бұл мәселе жүйелі түрде шешілмей тұр, - деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында.
Квазимемлекеттік қарыз
Депутат квазимемлекеттік құрылымдар көбінесе парламенттік және қоғамдық бақылаусыз ірі көлемде қарыз алатынын атап өтті.
Бұл жағдай мемлекеттік органдарға осындай қарызды Парламентпен келісусіз іске асыруға мүмкіндік беретін «лазейкаға» айналды. Жаңа Бюджет кодексі бұл «лазейканы» толық жаппайды және мұндай бақылаусыз қарыздарды шектемейді. Үкімет қарыздың қауіпсіз деңгейі туралы мәлімдемелермен тыныштандыруға тырысып жатыр. Бірақ бұл жағдай одан да үлкен алаңдаушылық тудырады, - деді ол.
Бюджеттен тыс құрылған қорлар
Асхат Аймағамбетов «Екінші бюджет» ретінде жұмыс істейтін әртүрлі қорлар Парламенттің және Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс жұмыс істейді деген пікірде.
Қаржылық жоспарлаудың біртұтастығын қалпына келтіру үшін олар жалпы стратегияның бір бөлігі болып, Парламентке есеп беруге міндетті болуы керек. Бюджет бірыңғай болуға тиіс, ал бұл мәселеге қатысты біздің түзетулеріміз әлі де талқылау кезеңінде, - деді депутат.
Ол «Самұрық-Қазынадан» бюджетке дивидендтер аудару мәселесі де әлі шешілмегенін жеткізді. Оның сөзінше, дивидендтер бюджетке түсіп, қажет болған жағдайда «Самұрық-Қазына» компанияларының инфрақұрылымдық жобаларын қайта инвестициялауға бағыттауға тиіс.
«Ең бастысы барлық қаражат бюджет арқылы өтуі керек. Қазір жүздеген миллиард, тіпті триллионға жуық қаражат бюджеттен тыс қалып отыр деуге болады. Бұл қаражаттың бір бөлігі үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға және басқа да әлеуметтік бағыттарға жұмсалады. Алайда бұл қаражаттың жұмсалуы ашық емес. Бюджеттің жалпы мақсатымен байланысты емес және қоғамдық әрі бюджеттік бақылаудан тыс өтеді. Бұл жерде де нақты шаралар қажет», - деді Асхат Аймағамбетов.