«Абай» шахтасынан 155 жұмысшы эвакуацияланды

Динара Амантай

Кәсіпорын жұмысын қауіпсіз түрде қайта бастау үшін дайындық жүріп жатыр

фото: primeminister.kz

Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында 155 жұмысшы эвакуацияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, кеше сағат 20:29-да кәсіпорынның орталық диспетчерлік басқармасына «Абай» шахтасында электр энергиясының тоқтағаны туралы хабар түскен. Бұл жағдай «Қарағанды Жарық» ЖШС-ның №9 трансформаторлық станциясында электр қуатының тоқтауы салдарынан туындаған.

Жедел түрде персонал эвакуация жоспарын іске қосты, нәтижесінде ауысымда болған 155 адам қауіпсіз түрде жер бетіне шығарылды. Кәсіпорынның барлық қызметтері жедел әрекет етіп, бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес жұмыс жасады, – делінген Qarmet хабарламасында.

Компанияның мәліметінше, қазір электр энергиясы қалпына келтірілген. Тиісті қызметтер жағдайды талдап, кәсіпорын жұмысын қауіпсіз түрде қайта бастау үшін шахтаны дайындап жатыр.