Заңсыз шығарылған активтер: мемлекет кірісіне тағы 525 млрд теңге аударылды
Комиссия бірқатар нысанның құрылысын мақұлдады
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге аударылды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Комиссия жалпы көлемі 525 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекет пайдасына аудару және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі келісімдерді мақұлдады. Қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар, Арқалықта дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешеннің, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығының, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығының құрылысы мақұлданды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Биылғы жылдың басынан бастап комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы көлемі 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетсек, бұған дейін президент тапсырмасы бойынша арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысындағы Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінген болатын.