Өздеріңіз білесіздер, қазақтың ағайын-туысы көп, - дейді ол
Cенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Талғардағы «Хуторлықтар» қылмыстық тобының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевпен туыстығы туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде Хасан Қасымбаевтың сенатор Жанболат Жөргенбаевқа туыс екені туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ «оның болып жатқан жағдайға әсер етуі мүмкін» деген сөздер желдей есті. Яғни, «сенатор Хасан Қасымбаевтың ағасы – Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаевты қызметінде қалдырып, жұмыстан шығармауын өтінген болуы мүмкін» деген ақпарат та бар.
Иә, әлеуметтік желіде «Талғар ауданындағы ағайынды Қасымбаевтарға қатысты жағдайға әсер етті» деген жазбалар мен видеоларды көрдім. Мен ешкімге өтініш жасамағанымды, қазіргі Талғар ауданы әкімдігі аппаратының бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаевтың өз орнын сақтап қалуы үшін ешқандай шара қолданбағанымды ресми түрде мәлімдеймін. Оның үстіне, мен Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу барысына ықпал еткен жоқпын және ықпал етуге тырысқан да емеспін, – деді депутат Жанболат Жөргенбаев журналистерге берген жауабында.
Сондай-ақ ол Хасан Қасымбаевтың алыс туысы болып келетінін жасырмады.
Туыстыққа келер болсақ, иә, облыстың көптеген тұрғыны сияқты, Хасан Қасымбаевтың менің алыс туысым екенін растаймын. Өздеріңіз білесіздер, қазақтың ағайын-туысы көп. Бірақ біз тұрақты түрде араласқан емеспіз. Көбіне оны үлкен отбасылық жиындарда немесе қазаға көңіл айта барған кезде, барлық алыс туыстар жиналған кезде көріп қалатынмын. Маған қатысты мәлімдемелердің бәрін жала деп есептеймін және жала жапқандарға заң жүзінде шара қолданамын, – деді сенатор.