Павлодар облысында дауылдан 15 ғимараттың шатыры ұшып кеткен
Әкімдік пен мешіттің төбе жабындысы зақымдалған
Павлодар облысында қатты дауылдың салдарынан 15 ғимараттың шатыры ұшып кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni.
ТЖД мәліметінше, Павлодарда 2 дерек тіркелген. Жаңа ауыл мекенінде қатты желдің салдарынан жеке тұрғын үйдің 12 шаршы метр төбе жабындысы және Торговая көшесіндегі қойманың 100 шаршы метр жабындысы бұзылды.
Екібастұзда және оның ауылдық аймағында 4 факт тіркелді: Шидерті ауылындағы көппәтерлі үйдің 30 шаршы метр төбе жабындысының ішінара бұзылса, 5 шаршы метр алаңда Шідерті ауылының ЖОББМ шатыры бұзылды. Құлақөл ауылындағы жеке үйдің 6 шаршы метр төбе жабындысы зақымдалды. Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан 40 шаршы метр алаңда Шиқылдақ ауылындағы Қаныш Сатпаев атындағы мектептің қазандық шатыры бұзылды, – делінген хабарламада.
Ақсу мен оның ауылдық аймағында 4 дерек тіркелді. Ақсу қаласында қатты желдің салдарынан №2 БЖСМ төбе жабындысының 160 шаршы метрі, 26 шаршы метр алаңдағы трансформаторлық қосалқы станция, сондай-ақ көппәтерлі үй қасбетінің 80 шаршы метрі бұзылды.
Қалқаман ауылында қатты желдің салдарынан 3 қабатты тұрғын үй қасбетінің қаптамасы зақымдалды. Сондай-ақ Ақтоғай ауданында қатты желдің салдарынан 130 шаршы метр алаңда «Ақтоғай аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК аурухана ғимаратының төбе жабындысы бұзылды.
Баянауыл ауданында 4 факт тіркелді. 20 м/с астам екпінді желдің салдарынан Ақсан ауылында шамамен 22 шаршы метр алаңда жеке тұрғын үйдің төбе жабындысы ішінара қирады. Сондай-ақ, осы ауылда 28 м/с-тан астам қатты желдің салдарынан Д.Рахметов атындағы орта мектеп КММ ғимаратының төбе жабындысы 14 шаршы метр алаңда бұзылды. Ұзынбұлақ ауылында ауыл әкімдігінің ғимараты зақымдалды, ал Құндыкөл ауылында мешіт ғимаратының төбесі бұзылды, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге Ақтоғай, Баянауыл, Май, Ертіс, Шарбақты, Успенка, Аққулы аудандары, Ақсу қаласында электр энергиясын өшірудің 28 дерегі тіркелді.