Қазақстанда киік саны бір жылда 130 есе артқан

Динара Амантай

Отандық экологиялық жоба халықаралық сыйлықты жеңіп алды

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстандағы киіктердің популяциясын қалпына келтіру бойынша жүргізілген жұмыстар халықаралық мамандардың жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Экожүйелерді қорғауға бағытталған «Алтын Дала» бастамасы 2024 жылғы The Earthshot Prize экологиялық сыйлығының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» номинациясында жеңіске жетті. Бұл марапат – Қазақстандағы киіктердің популяциясын қалпына келтіру мен ерекше қорғалатын аймақтарын кеңейту саласындағы елеулі жетістіктерді мойындаудың көрсеткіші.

Аталған бастама аясында қорық аймақтарын құру мен кеңейту, сирек кездесетін түрлердің популяцияларын қалпына келтіру және браконьерлікке қарсы күрес бойынша ауқымды шаралар қолға алынған.

Нәтижесінде 2003 жылы Қазақстандағы 21 мың бас болған киік популяциясы 2024 жылы 2,8 миллионға жетіп, әлемдегі сүтқоректілерді қалпына келтірудің ең табысты мысалдарының біріне айналды, – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.

Айта кетсек, «Алтын Дала» бастамасы 2005 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК), «Fauna & Flora International» ұйымы, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS) және Корольдік құстарды қорғау қоғамы (RSPB) арасында ұзақ мерзімді серіктестік ретінде құрылды. Серіктестердің негізгі мақсаты – киіктердің популяциясын қалпына келтіру және Қазақстан далаларын сақтау.

Жобаның тағы бір маңызды жетістігі – сирек және жойылып бара жатқан түрлердің, соның ішінде дала бүркіті, ақсұңқар және құланның популяциясын қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар. Бұл жұмыс Қазақстанның Орталық өңіріндегі қорық аймақтарында белсенді түрде жүргізіліп жатыр.