Орталық сайлау комиссиясының тағы бір мүшесі қызметінен босатылды
Анастасия Щегорцованың өкілеттік мерзімі аяқталды
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Анастасия Щегорцованы қызметінен босатты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сенатор Нұрлан Бекназаров Анастасия Щегорцованы лауазымынан босатуды ұсынды.
Комитет өз отырысында Сенат тағайындаған Орталық сайлау комиссиясы мүшесін қызметінен босатуға ұсынылған кандидатураны алдын ала талқылап, қорытынды шығарды. Сенат регламентінің 81-4 тармағы негізінде Сенатқа Анастасия Щегорцованы Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметінен босатуды ұсынады, - деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар тиісті қаулыны қабылдады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Ләззат Сүйіндіктің кандидатурасын ұсынды.
Ләззат Кеңесқызы еңбек жолын Ақпарат министрлігінің бас сарапшысы лауазымынан бастап, кейін ақпарат комитетінің төрағасы, «Хабар агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соңғы жылдары коммуникация саласында белсенді қызмет етті. Ләззат Кеңесқызының тәжірибесі мен біліктілігі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін, - деді төраға.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ләззат Сүйіндік ОСК-ның жаңа мүшесі атанды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы жарлығымен Сәбила Мұстафина және Константин Петров Орталық сайлау комиссиясы мүшесі лауазымынан босатылды.
Олардың орнына Азамат Айманакумов пен Михаил Бортник Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.