Тағы екі өңірде жайлы мектептер ашылды

Динара Амантай

Биыл елде жаңа форматтағы 30-дан аса білім беру ұйымы пайдалануға берілді

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысы Арқалықта және Жамбыл облысы Таразда тағы екі жайлы мектеп ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, Арқалықтағы мектеп 300 орынға арналған. Онда балалардың бойында зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 26 оқу кабинеті бар.

Мектепте оқушылардың IT-құзыретін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар және STEM-зертханалары да қарастырылған. Жуырда осы өңірдің Заречный ауылында да жаңа жайлы мектеп қолданысқа берілген болатын, – делінген министрлік хабарламасында.

Таразда да 1200 орындық жайлы мектеп оқушыларға өз есігін айқара ашты. Мектеп ғимаратында мәжіліс залы, 60-қа жуық оқу кабинеті, асхана, 2 спорт залы, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, кітапхана, компьютер залдары, сонымен қатар 3 шеберхана мен 10 коворкинг-орталық бар. Бұл – Жамбыл облысында ашылып отырған екінші жайлы мектеп.

Айта кетсек, жыл басынан бері елімізде 84 мың оқушы орнына арналған 32 жайлы мектеп ашылды.