Енді 1414 қызметі әскери қызметке шақыру үшін пайдаланылады

Дәурен Ерболат

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Фото: gov.kz

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасында қазақстандықтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жөнінде хабардар етудің электронды әдісі белгіленеді. 

Қорғаныс министрлігі осы мақсатта SMS хабарламаларды «Электронды үкімет» веб-порталы – 1414 қызметі және пайдаланушының «жеке кабинеті» арқылы жібере алады, – деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ қазақстандықтар әскери қызметке шақыруды бір рет қана кейінге қалдыра алады. 

Яғни азамат бакалавриатты аяқтаған соң, басқа мамандық бойынша қайта бакалавриат оқыған кезде әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігін ала алмайды. Некеде тұрған азаматтар, егер жұбайы жүкті болса, отбасылық себептері бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды 12 және одан да көп аптаға кейінге қалдыруға болады, – делінген заң жобасында.