Науқастың денсаулығына зиян келтірген дәрігер айыппұл төлей ме? Министр жаңа заңнаманы түсіндірді
Бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетіктері қарастырылмаған
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру институты енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство басшысының айтуынша, бұған дейін заңнамада медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру үшін ешқандай құрал көзделмеген.
Денсаулыққа зиян келтірген немесе денсаулығын нашарлатқан, науқастың мүгедектігіне немесе өліміне әкеп соқтырған дәлелденген медициналық қателік жағдайлары бұрын қылмыстық тәртіппен қаралған. Мұндай жағдайларда медицина қызметкері материалдық және моральдық залалды өзі төледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда алғаш рет медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру институты енгізілді, ол осы оқиғаларды медициналық ұйымдар деңгейінде қарауға мүмкіндік береді. Үш деңгейлі жүйе енгізіліп жатыр: медициналық ұйым, денсаулық сақтау басқармасы және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті деңгейінде. Егер денсаулыққа келтірілген зиян анықталса және пациент пен оның туыстары өтемді қабылдауға дайын болса, онда залал сақтандыру пулы есебінен өтеледі, – деді Ақмарал Әлназарова.
Бұл ретте министр медицина қызметкеріне қаржылық жүктеме көзделмейтінін атап өтті. Оның барлығы жыл сайын барлық жұмыс беруші медициналық қызметкерлер үшін міндетті түрде төлейтін сақтандыру жарналары арқылы төленеді.