Halyq Uni логотип
×

Рудныйда білім бөліміне қарасты кешен хатшысы сотталды

Әйел жасаған ісіне өкінді

 Динара Амантай 06.11.2024 | 17:24
Рудныйда білім бөліміне қарасты кешен хатшысы сотталды
Фото: Halyq Uni

Рудный қалалық сотында білім бөлімінің балаларды тәрбиелеу-сауықтыру кешені басшысының хатшысына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, айыпталушы қызмет бабын пайдаланып, 2022-2023 жылдары қасақана әрекет ете отырып, әлеуетті клиенттерге WhatsApp мессенджерінде жалғасып жатқан акциялар туралы хабарламалар жіберіп, балалар лагерлеріне 50% жеңілдікпен жолдаманы брондауға болатыны туралы жазған. Бұл ретте ол өзінің жеке банк шоттарына жолдама үшін ақы төлеу қажеттігін ескерткен.

Хатша 2023 жылдың жазғы маусымына лагерьлерге жолдамаларды 2022 жылға арналған жолдама құнымен және 50% жеңілдікпен ерте брондау мүмкін екенін, болашақта бос орындардың болмай қалатынын және жолдама құны өсіп кететінін атап көрсеткен. Одан кейін осы лагерьлерге жолдамаларға қол жеткізіп, олардың көшірмелерін жасаған. Сатылған жолдамалар саны туралы басшылығын жаңылыстыру арқылы көшірмелерді сатып алушыларға жіберген, – делінген іс материалдарында.

Ақпаратқа сәйкес, ол лагерьлердің балаларды шектен тыс қабылдауға мүмкіндігі жоқ екенін анық біле тұра барлық клиентке жолдама сатуды жалғастырып, төлемді өз есепшотына алып отырған.

Кешен хатшысының қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке 18,4 миллион теңге залал келтірілген.

Сот айыпталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, жас баласының болуы және келтірілген зиянды жартылай өтеуін жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және жас баласының болуына байланысты оған 5 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды. Мекеменің азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды: материалдық шығынды өтеу үшін сотталғаннан 16 млн теңге өндірілді, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама