×

Қарағандыда 200 келіге жуық марихуана сатпақ болған қылмыстық топ ұсталды

Олардан 6,5 млн теңге ақша тәркіленді

 Динара Амантай 14.06.2022 | 16:30
Коллаж: Halyq Uni

Қарағанды облысының полиция қызметкерлері есірткінің ірі партиясын жеткізушілердің жолын кесу мақсатында арнайы шара өткізді. Операция барысында 198 кг марихуана және 6 млн теңгеден астам ақша тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысының үш тұрғыны республика өңірлеріне айтарлықтай көлемде есірткі жеткізумен айналысатынын анықтаған.

12 маусымда «Қарасора-2022» ауқымды республикалық операциясы аясында жедел-тергеу шаралары кезінде есірткі тасымалдау, сақтау және өткізу күдігі бойынша 34, 39 және 56 жастағы үш ер адам ұсталды. Оның барлығы - Жамбыл облысының тұрғындары. Ұсталғандардан 6 млн 435 мың теңге қолма-қол ақша, өсімдік тектес зат салынған сегіз қап тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол жалпы салмағы 198 кг кептірілген марихуана болып шықты, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Бауыржан Миссалимов.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.

Сонымен бірге кеше Алматы және Тараз қалаларында осы топтың 3 адамы ұсталғаны белгілі болды. Олардан «Range Rover» және «Лексус» автомобильдері, қару тәркіленді

Серіктес жаңалықтары

Сараптама