Түркі елдері көлік-логистика саласында байланысты тереңдету қажет – президент

Динара Амантай

Мемлекет басшысы саммитке қатысты

Фото: t.me/aqorda_resmi

Түркі елдері көлік-логистика саласында байланысты тереңдетуі қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар беки түскен.

Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер арасында көлік-логистика бағытындағы байланыстарды тереңдету өте маңызды деп санайды.

Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.

Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын «Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы» келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында саммит аясында жасалатын келісімдер түркі мемлекеттерінің әлеуетін арттыратынына сенім білдіріп, ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.

Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.