Halyq Uni логотип
×

Сарыағашта аукционнан алынған шипажай Болат Назарбаевқа тиесілі компанияға қайтарылған

Кәсіпкерлер «Ақ жол» партиясына шағымданған

 Ербол Тұрымбет 06.11.2024 | 14:16
Сарыағашта аукционнан алынған шипажай Болат Назарбаевқа тиесілі компанияға қайтарылған
Азат Перуашев, фото: inform.kz

Мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік өкілетін пайдаланып, кәсіпкерлік меншікке қол сұғуы, рейдерлік басып алу сияқты заңсыз әрекеттері көбейе бастаған. Кәсіпкерлер осындай шағыммен «Ақ жол» демократиялық партиясына шағымданған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Партия басшысы Азат Перуашевтің айтуынша, айқын мысалдың бірі – Түркістан облысындағы Сарыағаш аудандық әкімдігі тарапынан болған жағдай. Мұнда Болат Назарбаевтың меншігін қайтару сылтауымен 2017 жылы қаржы министрлігінің аукционынан заңды түрде сатып алынған шипажай объектілерінің бір бөлігі кәсіпкерлерден тәркіленіп, Болат Назарбаевтың компаниясына қайтарылған. Осылайша, адал кәсіпкерлердің мүлкі заңсыз алынғаны үшін шипажай 2 миллиард теңге шығынға ұшырады.

Ұқсас жағдай Павлодар облысындағы Атығай станциясында да болған. Мұнда «ҚТЖ» компаниясы сот арқылы «АНГРЕНСОР Ltd.» компаниясына құны 1,5 миллиард теңге теміржол ғимараты мен жолдарды тегін беруге мәжбүр еткен.

Маңғыстау облысында да 1990-жылдардан бастап «Қаскор-Транссервис» компаниясына тиесілі теміржол желілерін министрлік өзінің бұйрығымен мемлекеттің меншігіне алып, оларды «ҚТЖ» магистральды желілеріне қосуға шешім шығарған.

Жамбыл облысының Меркі ауданы прокуратурасы 2007 жылдан бері ауылшаруашылық өнімдерін табысты өндірумен айналысып келе жатқан «Жеміс-Жидек» ЖШС-дан 200 гектар жерді де заңсыз алып жатыр, - деді депутат.

Оның сөзінше, Конституцияда жекеменшікке қол сұғуға тыйым салынғаны айқын жазылған. Ата заңның 6-бабында мемлекет пен жекеменшік құқықтары тең дәрежеде қорғалады. Ал 26-бапта ешкімнің мүлкін сот шешімінсіз тартып алу мүмкін еместігі көрсетілген. Алайда аталған жағдайларда заңсыз мүлік тәркілеуге ешқандай сот үкімі мен қылмыстық іс жүргізілмеген. Бұл заңға қайшы келеді.

Барлық өркениетті елдерде жекеменшікті бұзу қылмыс ретінде саналады. Мысалы, АҚШ заңында жеке меншікке қауіп төнген жағдайда оны қорғауға, қару қолдануға дейін рұқсат етіледі.«Ақ жол» партиясы үкіметті және Бас прокуратураны осы заңсыз әрекеттерге назар аударуға, адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және заң бұзушыларға қарсы қатал шаралар қабылдауға шақырады, - деді Перуашев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама