Таразда теракт жөнінде хабарлаған тұрғынға қатысты тергеу басталды

Динара Амантай

Күдікті қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Тараздағы ұялы байланыс операторының ғимаратына жарылғыш құрылғыны қойып кеткенін хабарлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Арнайы саперлер, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, жедел-тергеу тобы, сондай-ақ ҰҚКД, ТЖД қызметкерлерімен аталған орталық ғимараты тексеріліп, ешбір жарылғыш зат анықталмады.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданының таулы алқабындағы шаруа қожалығынан 42 жастағы азамат анықталып, ізін суытпай ұсталды. Одан айғақ зат ретінде ұялы телефоны тәркіленді, – делінген полиция хабарламасында.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдіктіге қатысты 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.