Halyq Uni логотип
×

Семей орманындағы өрт: «Қазавиаорманқорғау» басшысы экология министрлігіне 161 млрд теңге төлейді

Өрт кезінде орманның 14 қызметкері мен бір тракторшы қаза болды

 Қымбат Елтайқызы 06.11.2024 | 12:01
Семей орманындағы өрт: «Қазавиаорманқорғау» басшысы экология министрлігіне 161 млрд теңге төлейді
фото: t.me/KZgovernment

«Қазавиаорманқорғау» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Талғат Әлиев ірі орман өртінің шығуына әкелген салғырттығы үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған қоса, ол экология министрлігіне 161,5 миллиард теңге төлеуге міндеттелді.

Әлиевтің авиация қызметкерлеріне тиісті дайындық ұйымдастырмағаны анықталды. Сонымен қатар, 2023 жылғы көктем және жазда – өрт қаупі жоғары маусымда арнайы тікұшақтардың өрт сөндіруге қажетті құрылғылары болмай шықты. Сол себепті өртті қиын жерлерде жедел сөндіру мүмкін болмады. Яғни, тікұшақтың талаптарға сай келмеуі әрі десант түсіруге жарамсыздығы өртті уақытында сөндіруге кедергі жасап, оның кеңінен таралуына және ауыр залалдарға әкелді. Бұл олқылықтар өрт кезінде анықталды, – делінген сот материалдарында.

Осының салдарынан ерекше қорғалатын орман аймағында 66 мың гектар орман жанып кетті. Бұл елімізге 161,5 миллиард теңге көлемінде зиян келтірді. Экология министрлігі бұл соманы талап етті, ал сот Әлиевті оны өтеуге міндеттеді. Сондай-ақ, оған 4,8 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу талабы да қойылды.

Былтыр мемлекеттік резерват аумағында өрт шыққан болатын. Оның салдарынан 66 мың гектар орман қоры зардап шекті. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері мен бір тракторшы қаза тапты. Апаттың ауқымы бойынша әлемдегі ірі өрттің бірі екені айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама