×

Мәсімов билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген күдікке ілінді

Кәрім Мәсімов пен өзге адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жайлы белгілі болды

 Халық үні 13.01.2022 | 14:50
фото: ашық дереккөзден

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.

Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызмет бастығы А.Садықұлов пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Ерғожин ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов және басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

КӘРІМ МӘСІМОВ 

Ол 1965 жылы 15 маусымда бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келген. Целиноград қаласының №1 мектебінде оқыған. Целиноградта мектеп есігін ашса, түлектер кешін Алматыда атап өтті. 1982 жылы Мәсімов Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін «үздік» деген бағамен бітіріп шықты.

Ал екі жылдан кейін Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетіне түседі. 1988-1989 жылдары Кәрім Мәсімов Бейжіңде қытай тілін оқып, Ухань заң университетінде іс-тәжірибеден өтті. Бұдан бөлек Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Колумбия университетінде топ-менеджерлерді даярлау бағдарламасына қатысты. Ал 1999 жылы Мәскеу мемлекеттік технологиялық академиясында докторлық диссертациясын қорғап шықты.

Мәсімов еңбек жолын КСРО-ның Қытайдағы сауда өкілдігінің құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі қызметінен бастаған болатын. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еңбек министрлігінде сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің басшысы және бас экономист болып жұмыс істеді. Бірақ бір жылдан кейін бизнеске кетіп қалды. 1992 жылы «Қазақпригранторг» фирмасының басшысы, одан кейін «Акцепт» ЖШС директорының орынбасары болды, Қытайдың Үрімші қаласындағы «Қазақинторг» өкілдігінде еңбек етті. Гонконг қаласындағы қазақ сауда үйінің басқарушы директорына дейін өсті. 1995-1997 жылдары үш банк – Алматы сауда-финанс банкі, Тұранәлембанк пен Қазақстан халық жинақ банкін басқарып шықты. Ал 2000 жылы Кәрім Мәсімовтің мемлекеттік қызметтегі карьерасы басталды. Жеті жылдың ішінде ол премьер-министрге дейін көтерілді. Ал 2011 жылы кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін Кәрім Қажымұқанұлының үкіметі отставкаға кетіп, бірнеше сағаттың ішінде қайтадан тағайындалған болатын. Ал бір жылдан кейін Мәсімов жұмыстан өз еркімен кетті. Бірақ 2014 жылы тағы да осы қызметке тағайындалды. 2016 жылы Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметіне тағайындалды. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны сол лауазымында қалдырды.

Қаржыгер, заңгер, қытайтанушы, экономика ғылымдарының докторы Мәсімов орыс, қазақ, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген. Спортпен де шұғылданады. Ол Қазақстандағы муай-тайды дамытуға зор үлесін қосты. Қазақстанның тай боксы федерациясын басқарады. Кәрім Қажымқанұлы марафондарға да жиі қатысып тұрады. Бұдан бөлек тау шаңғысымен айналысады. Альпинизмге де бейімі бар.   

Үйленген. Жұбайы – Дилярам Мәсімова, қызы – Тамила Мәсімова.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама