Қазақстанда алғашқы медициналық көмек сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі
Жарақтандырудың ең төменгі стандарт талаптары қайта қаралды
Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін 6 оңалту орталығын, 2025 жылы 3 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған.
Соңғы 5 жылда ересек тұрғындардың мүгедектік құрылымы өзгеріссіз қалды. Бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары, екінші орында – қатерлі ісіктер, үшінші орында – психикалық аурулар тұр.
Созылмалы инфекциялық емес аурулардың асқынуларын ерте диагностикалау және алдын алу мақсатында жыл сайын МСАК деңгейінде 3,4 млн ересек адам қан айналымы жүйесінің ауруларына, қант диабетіне, онкологияға ауруларды ерте анықтау скринингімен қамтылады. Бұл пациенттер динамикалық бақылаумен және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі, – деді Ақмарал Әлназарова.
Ақпаратқа сәйкес, елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға көмек көрсету үшін 83 инсульт және 48 коронарография орталығы жұмыс істейді. Ересектерге медициналық оңалту жеті бейін бойынша көрсетіледі: кардиология, кардиохирургия, невропатология, нейрохирургия, травматология, ортопедия және 2024 жылдан бастап қатерлі ісіктер. Соңғы 3 жылда 772 денсаулық сақтау ұйымдарында оңалтуға бейінделген төсек қорының саны 2 есе артып, 8 мыңға дейін жеткізілді.
Қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды арттыру үшін оңалту көмегін көрсету және жарақтандырудың ең төменгі стандарт талаптары қайта қаралды.
2025 жылдан бастап созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуларын ерте анықтау және алдын алу бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Шара мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.